§9. Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі.

Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі мәнді және даусыз, алайда, өкінішке орай, оны көп жағдайда өмірге қажет қаражат табумен немесе баланы жазалау түріндегі «белсенді тәрбиемен» ғана байланыстырады. Әкелерге тұлғаны тәрбиелеу бағытында жол сілтеу үшін, баланың – ұлдың және қыздың тәрбиесіндегі әке рөліне арналады.

Сонымен, Сіз әке болдыңыз. Бірінші кезекте, жас әкелер арасында кең тараған – өзінің сәбиін алғаш көргенде оны өз қолдары үшін аса нәзік деп санап, оған жақындауға және қолына алуға қорқатын қателікті атап өту қажет. Қымбатты әкелер, олай емес екеніне сеніңіздер! Сәбиді алғаш рет қолына алу анасы үшін де қорқынышты, алайда олай істемесе, алақандай нәресте өмір сүрмейді. Сіздердің мықты және берік қолдарыңыз сәбиге сенімділік сезімін береді.

Өз сәбиіне басқа себеппен жақындауға қорқатын әкелер бар, олар мұны: баланы қолға алу, тербету, жөргегін ауыстыру ер адамның ісі емес деп есептейді.

Тағы бір әкелер туғаннан бастап, екі жасқа дейінгі бала тәрбиесінен бас тартып, баланы онымен сөйлесуге болатын уақыттан бастап тәрбиелей бастаймын деп ойлайды.

Жаңадан туған нәрестенің түрінен қорқатын да әкелер болады. Перзентханадан әкелінген сәби – жарнамалық роликтердегі көңілді жан емес екен. Бұл қызылшақа, жылайтын, пырылдайтын, «түсініксіз» жанды зат.

Бұл әкелік қорқыныштардың бәріне былай жауап беруге болады. Егер ана махаббаты даусыз және жүктілік кезінде-ақ қалыптаса бастайтын болса (ол қызылшақа болсын, жыласын, ұйықтасын – сәбиін жақсы көреді), әкелерге көп жағдайда әкелік жылы сезім пайда болғанға дейін, сынақтардан өтуге тура келеді. Сондықтан да Сіздің балаға қатысты кез келген қадамыңыз (оны қолыңызда тербейсіз бе, «ешкі» ойынын ойнайсыз ба, жөргегін ауыстырасыз ба, ән айтасыз ба немесе клизма жасайсыз ба) бұл сезімнің қалыптасуына және сәбимен қарым-қатынастың орнығуына ықпал етеді. Сондықтан да осы сәбиді өзіңіз жақсы көру және сәбидің сүйіспеншілігін иеленуге болатын қолайлы кезді өткізіп алмаңыз.

Есіңізде болсын, кез келген сәби үшін Әке – бірінші кезекте қорғаушы, сенімділік беретін адам.

Бала есейе бастағанда, келесі сәттерге назар аударыңыз.

Қыз бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі.

1. Әке қызын, бірінші кезекте, әйел ретінде сыйлауы қажет. Сәбиіңізге міндетті түрде «Менің сұлуым!» деп мақтау айтыңыз. Оған көйлектері қалай жарасатынын, шаш үлгісінің қандай әдемі екенін айтыңыз. Осылайша, Сіз оның өзіне сенімділігін дамытуға, өзін қабылдауға көмектесесіз. Қыз бала ұл секілді әкесіне еліктемейді, алайда оның пікірі ол үшін аса бағалы.

2. Қыз баланы тұлға ретінде сыйлау. Қыз бала сәл есейгенде әкесі міндетті түрде оның пікірін бағалайтындығын көрсетуге, тіпті кейде онымен ақылдасуға тиіссіз.

3. Әке – қыз баланың ер адаммен араласуының алғашқы үлгісі. Көптеген зерттеулер көрсетіп отырғандай, бойжеткен қыз кейіннен өзіне жар таңдағанда, өз түйсігімен мінез-құлқы, мінезі, шиеленісті жағдайларды шешу қабілеті, тіпті сыртқы бейнесі жағынан да әкесіне ұқсайтын адамды іздейді.

4. Өз қызыңызды жақсы көріңіз. Әкесінің жеткілікті сүйіспеншілігі мен ықыласына бөленген қыз бала Сізге де, болашақта өз күйеуіне, өз баласына махаббатын сыйлап, барынша үйлесімді тұлға болады.



Ұл бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі.

1. Әке – ұлы үшін басты тұлға. Ұл бала өзі жақсы көретін және сыйлайтын әкесіне (атасына, үлкен бауырына) еліктейді. Ұл бала өзін ер адам ретінде ұстай бастағанда, өзінің идеалына, ұқсағысы келетін, оған шынайы сеніммен қарайтын адамға еліктей бастағанда, ер адамға айналады. Сондықтан да компьютер ойнап отырған әке ұлы онымен ойнауын сұраған кезде, оған тәпішкесін лақтыратын болса, бұл жағдайда оның өз ұлы үшін үлгі болмайтынын сенімді түрде айтуға болады. Ұл бала анасына, оның әйелге тән әдеттері мен мүдделеріне бейімделе бастайды. Батыл, ер жүрек ұл баланы тек Батыл, ер жүрек әке ғана тәрбиелей алады, әке – ұлы үшін үлгі!

2. Ұл баланы тұлға ретінде сыйлау және қабылдау. Әкенің қолдауы және «Мен саған сенемін, ұлым» деген қарапайым сөздері ұл баланың өзін-өзі сыйлауы, толыққандылық, оң өмірлік мақсаттары қалыптасуына ықпал етеді. Әке ұлына оны мақтан тұтатынын және оның әлеуетіне шын мәнінде сенетінін сездіруі тиіс.

3. Әке ұлының бойында дербестілік, шешім қабылдай білуді дамытуы тиіс. Бұл үшін одан: «Сен қалай істер едің? Сен қалай ойлайсың? Сен менің орнымда болсаң, нені таңдар едің?» және т.б. сұраңыз. Бұл арада ең бастысы – асыра сілтемеу және ұлыңызға қысым көрсетпеу.

4. Әке әйелді сыйлау үлгісін көрсетеді. Тек әкенің үлгісі ғана ұл баланың бойында Әйелге, қызға, бойжеткенге, анаға деген сыйластық қатынасты тәрбиелейді... Тек сөзбен айту бұл арада жеткіліксіз.

5. Әке жыныстар қарым-қатынасы жөніндегі ұғымды қалыптастырады. Егер Сіз ұлыңызда достық, махаббат, ер мен әйелдің қарым-қатынасы, жай ғана жолдас болу туралы дұрыс, бұрмаланбаған ұғым қалыптасқанын қаласаңыз, онда Сізге ұлыңызға лайық үлгі болу үшін қамқорлық жасау қажет, өйткені бұл туралы алғашқы ұғым отбасында қалыптасады, ал әке – Сіздің ұлыңыз кейінірек көшіріп алатын мінез-құлықтың тасымалдаушысы болып табылады.

Ұл балаларды тәрбиелеу жөніндегі кеңестер.

Нағыз ер азаматты, отбасы үшін жауапты әкені өсіру үшін не істеу (және не істемеу) қажет.

1. Ұл баланың толыққанды әкесі болуы үшін бәрін істеу. Егер әйелдің ер адаммен бірге өмір сүру мақсаты орындалмай жатса, бірақ ер адам байыпты рухани кемшіліктер мен зиянды әдеттерден аулақ болса, ұл баланың әкесімен және оның туыстарымен байланысына толықтай ықпал ету.

2. Маңайдағы ер адамдардың беделін сақтау, оның беделін, әсіресе елеусіз себептермен, орынсыз ескертулер және дөрекі сөздермен түсірмеу.

3. Нағыз ар-намысты, өзін шын мәнінде сыйлайтын ер азаматтармен қатынасты барынша қолдау.

4. Ұл баламен ересек адаммен тілдескендей, сыйластықпен, Сіздің алдыңызда – толыққанды, тек өмір тәжірибесі аз адам екеніне түсіністікпен сөйлесу.

5. Сұрақтардан бас тартпау, оларға байыппен қарау және мүмкіндігінше тыңғылықты жауап беру.

6. Ұл баланы мұқият тыңдау, бірақ аса мылжыңдауды қолдамау.

7. Ықпалына жығылмау. Ұл баланы аса қорғаштамау.

8. Жыл өткен сайын өзіне-өзі қызмет көрсету жөнінде барынша көбірек, ал содан кейін отбасы игілігі үшін де қызметтерді (сәби кезінен бауын байлау және төсегін жинаудан бастап, есейген шағында жиһаз, электр, тұрмыс құралдарын және басқа техниканы жөндеу) тапсыру.

9. Тіпті кейбір шығын болу мүмкіндігі (мысалы, кесе сынуы секілді) болса да, іскерлік бастамасын тоқтатып тастамау.

10. Баланы қандай да бір іспен айналысып жатқан ерлердің (әкесінің, атасының, үлкен бауырының және т.б.) жанынан қумау, керісінше, мүмкіндік болса, оны үй шаруасындағы және техникамен жұмыстағы қарапайым операцияларға араластыру.

11. Мақтау мен сын ескертулер арасында тепе-теңдік сақталуын бақылау.

12. Ұлыңыздан (немереңізден) жарақат, зақым белгілерін көрген жағдайда уһілемеу, ол үшін ұрыспау, ал жайбарақат күйде, «оқасы жоқ, тойға дейін жазылып кетеді» деген секілді жұбату айтып, жарасын сүртіп, таңу.

13. 4-5 жастан бастап қоғамдық көліктердегі орындыққа қарай асығуды қойдыру, керісінше, әйелдер мен ересек жүргіншілерге, өз анасына да орын ұсыну.

14. Мектепке дейінгі жастың өзінде ұлыңызды оның түсіністігі мен жанашырлығын оятып, өз істеріңіз бен проблемаларыңызға тартыңыз. Балаңыз жақсы әке болады ма, жоқ па, оның қандай ұл екеніне қарап тұжырым жасауға болады.

15. Кішкентай кезінен бастап күн сайын, күрделендіре отырып, бастапқыда пәтерде, содан кейін мүмкіндігінше далада дене шынықтыру. Мектептегі дене шынықтыру сабақтарынан тек денсаулығына нақты қауіп төнген жағдайда ғана босату. Мектепке дейін жүзуге, шаңғы тебуге, екі аяқты велосипед тебуге, шеңберлі волейбол ойнауға немесе доппен өзге ойын ойнауға үйрету.

16. Шыншылдықты толықтай қолдау: егер теріс қылығын толық мойындаған жағдайда, адалдық өтіріктен гөрі тиімді екені туралы пікірге үйрете отырып, жазаны мүлде немесе нөлге дейін төмендету.

17. Кішкентайынан бастап, іскерлікті, кесте бойынша өмір сүруді, режим бұзылса, себебі дәлелді болуын әдетке айналдыру. Үйден мезгілімен шығу үшін, уақытты шамалы қормен есептеу (ер азамат керек жерге тура мерзімінде келеді және кешікпейді).

18. «Сөз бермесең – табанды бол, сөз берсең – орында» деген қағидаға үйрету. Бұл арада жеке үлгі аса маңызды: ұлыңызға берген барлық уәдені қатаң орындаңыз.

19. Ұлыңызды мазақ етпеу, қорламау, кемсітпеу; ешқашан «есуас», «топас», «нақұрыс», «оңбаған», «күшік», «әлі миың жетілген жоқ», «аузыңнан сүттің дәмі кеткен жоқ» және т.б. теңеулер мен қақпа сөздерді қолданбау. Олардың адам жадында бүкіл өмір бойына сақталып қалу қабілеті бар.

20. Сонымен бірге адамдарға, олардың іс-әрекетіне, пікіріне, әсіресе қателіктері, мүлт кетулері мен кемшіліктеріне төзімділікке үйрету. Адамдарға қатысты мысқылды, кердең, менменшіл қатынастар көріністерін ұстаммен, бірақ нық тоқтату. Кішіпейілділік – нағыз ер азаматқа тән қасиет.

21. 6–7 жастан бастап, жалпы отбасылық мәселелерді талқылауға (жиһазды пәтерде орналастыру, ірі сатып алымдар кезектілігі, жазғы демалысты ұйымдастыру және т.б.) қосу.

22. Іскерлік және шығармашылық бейімділіктерін мүмкіндігінше ертерек анықтау, алайда айналысатын істі өз қалауыңызша зорлап жүктемеу; істің бір түрінен екінші түріне ауысқанынан қорықпау: көп адам өз бейімділігін бірден таппайды.

23. Түрлі аспаптарды, қарапайым тетіктерді, құралдарды, жөндеу жұмысы мен ұсақ-түйек әзірлеуге қажет бөлшектер мен материалдарды көбірек сатып алу, ұл баламен бірге осы аспаптар мен құралдардың бәрін игеру.

24. Өзін-өзі ұстай білу үлгісін көрсету: жасағым келмейтін, бірақ қажет істі жасаймын, жасағым келген, бірақ зиянды істі жасамаймын.

25. Сөз ретінде өз үйіңізде тұрып жатқаны, асырайтыныңыз, тамақтандыратыныңыз, киіндіретініңіз және т.б. ұсақ-түйек себептермен мұқатпаңыз. Мұндай әңгіме тек ерекше жағдайда ғана орын алуы мүмкін және артық эмоциясыз байыпты басталуы тиіс.

26. Ұлыңыздың өздерін жақсы жағынан көрсеткен құрдастарымен белсенді араласуына ықпал ету. Оның достарының үйге келуіне қолдау көрсету.

27. Туристік жорықтар, спорттық-сауықтыру лагерлеріне баруға қолдау көрсету, үйде науқастану белгілері болған жағдайда ғана қалдыру.

28. Егер оқуына кедергі келтірмесе, адал табыс табудың кез келген мүмкіндігін ынталандыру.

29. Жас кезінен бастап, әйел адамдарға (анасына, әпкесіне, тәтесіне, сыныптас қызға, көрші әйелдерге және т.б.) қамқорлық көңіл көрсетуге үйрету, мысалы, пальтосын ұсыну, автобустан келе жатқан жолда сөмкесін алып жүру, ұл баламен бірге әйелдерге сыйлықтар таңдау, өз қолымен әзірленген сыйлықтарға қолдау көрсету және т.б.

30. Біреуге көмектесуге, бірдеңе сыйлауға, біреуді құтқаруға, жалпы бір адамға көңіл бөлуге ұлыңыз ниет білдірген жағдайда, тіпті бұл үшін шығынданып, өз нәрсеңізді құрбан етсеңіз де, кедергі жасамаңыз. Адамға қиын сәтте көмек көрсету – ер адамның басты қасиеттерінің бірі.

Ұл тәрбиелеп отырған аналардың назарына

1.Ұлыңызды шектен тыс қорғаштамаңыз.

2. 3 жастан кейін ұлыңызды қойныңызға алып жатпаңыз. Бұл әрекетіңіз ұлыңыздағы батылдық сезімі мен өз-өзіне сенімін жояды. 

3.Ұлыңызға арқа сүйемеңіз. «Менің сүйенішім», «мені бағады», «өмірімнің мәні» секілді сөздеріңіз ұлыңызға өте ауыр жүк жүктеп, белгілі бір уақыттан кейін «мен анама лайық емеспін» деп жеткіліксіздік сезіміне душар болады.
«Мен сенің бақытың үшін осыншама күш жұмсап жүрген болсам, сен бақытты болуға мәжбүрсің» деген сөздеріңізбен ұлыңызға қысым жасамаңыз.

4. Ешқашан ұлыңызбен одақтас болып жұбайыңызды шеттетпеңіз. Ұлыңызды әкесінен алыстату арқылы оны өмірінде үлгі алатын моделінен айыратыныңызды ұмытпаңыз!

5. Ұлыңызға қызметші бола көрмеңіз. Әр қалауын орындау арқылы әйелді қызметші ретінде көруіне себепші болмаңыз. Ұлыңызды өз ісін өзі істеуіне бейімдеңіз.

Әкелер үшін қыз балаларды тәрбиелеу жөніндегі кеңестер.

Туылған күнінен бастап сәби отбасылық атмосфераны сезінеді және біртіндеп әкесі мен анасының қарым-қатынас ерекшеліктерін түсіне бастайды. Ерте сәбилік шағынан бастап, қыз баланың әкесімен байланысы қалыптасады, ал кішкентай ханшайым өзін сүйікті және қалаулы сезінуі үшін, әкесі бірнеше маңызды ережелерді басшылыққа алуы тиіс.

1. Өз қызыңыздың анасын сыйлаңыз. Бұл қыз баланы тәрбиелеудің басты ережесі деуге болады. Зайыбыңызға сыйластықпен қараңыз, мейірімділік және ілтипат білдіріңіз. Осылай болған жағдайда Сіз бойжеткен қызыңыздың оған сондай ілтипатпен қарайтын адамды күйеуі ретінде таңдап алатынына сенімді бола аласыз.

2. Онымен қарым-қатынаста болыңыз. Егер сәби қызыңыз Сізбен бірнәрсе жөнінде сөйлескісі келсе, оны қашан болмасын, тіпті ол әдеттегі нәрсе туралы айтса да, тыңдауға тырысыңыз. Қызыңыздың не туралы ойлайтынын, нені армандайтынын, бала бақшада кіммен ойнайтынын немесе мектепте үзіліс кезінде кіммен сырласатынын біліңіз.

3. Мақтау-қошемет көрсетіңіз. Күн сайын оның қандай әдемі екенін айтыңыз. Қызыңыз өзінің сүйкімді екеніне сеніммен өссін. Әрине, тек сырт келбеті туралы ғана айтып қоймай, мінезінің маңызды сипаттары: мейірімділік, қайырымдылық, ақылдылық, өз пікірін қорғай білуді де атап кету қажет.

4. Ешқашан күш жұмсап жазаламаңыз. Қыз балаға айқайлауға, оған қол көтеруге болмайды. Әке тарапынан қатаң қатынас ересек өмірде ер адамдармен проблемалар болуына әкеп соқтыруы мүмкін. Егер Сіз өзіңізді ұстай алмай, айқайласаңыз, немесе жұмсақ жерінен салып жіберсеңіз – кешірім сұраңыз.

5. Сәбиіңізді еркелетіңіз. Ойыншықтар және өзге сыйлықтар сыйлаңыз, алайда шегін біліңіз – сәбиіңізді заттарға дұрыс қарауға үйретіңіз. Мысалы, жаңа қуыршақ сатып алғанда, ескі ойыншықтарды балалар үйіне немесе басқа қайырымдылық ұйымына бірге барып сыйлауларыңызға болады.

6. Бекзада болыңыз. Қыз бала жанында нағыз мырзалық танытар бекзада болғанда ғана ханшайым бола алады. Сондықтан кішкентай қызыңызға ол екі жаста болса да, гүл сыйлаңыз. Оның алдынан есік ашып, өткізіңіз, сыртқы киімін киюге көмектесіңіз.

7. Серуенге шығыңыз. Таза ауада жиі қыдырыңыз, сәби алғаш рет күзге орман немесе көк шалғынды көргенде оның жанары қандай таңырқау мен таңданысқа толы болатынына қараңыз. Гаджеттерді бір шетке қойып, әсем көріністерді бірге тамашалаңыз.

8. Тұрақты қарым-қатынас орнатыңыз. Барлық балалар үшін еркелету маңызды, сондықтан да туылғаннан бастап, сәбиіңізге қамқорлық көрсетіңіз: массаж жасаңыз, суға түсіріңіз, қолыңызға көтеріп жүріңіз. Сәбиіңізді ол кішкентай кезінде міндетті түрде иығыңызға мінгізіп жүріңіз.

9. Үй жұмысына қатысты міндеттерге тартыңыз. Оның кір жуу немесе үй жинау болуы міндетті емес. Қыздардың басым бөлігі «ерлерге тән» жұмысқа қызығушылық танытады. Олар жиһаз жинауға немесе машинаны жөндеу барысында құрал-саймандардарды ұсынуға ұмтылады. Бала көмегінен бас тартпаңыз – Сіздің отбасыңызда әкесіне көмекші болатын қыз бала өсіп, жетілсін.

10. Отбасылық дәстүр қалыптастырыңыз. Әкесі мен қызын бірлескен іс – мысалы, тек әкесі мен қызы ғана қатысатын (ертеңгілік дене шынықтыру, таңғы ас немесе кешкі ас әзірлеу, шахмат) немесе кез келген күнделікті істер тамаша жақындастырады.

11. Ортақ хобби табыңыз. Бұл әуесқойлыққа, мысалы, спортты жатқызуға болады. Сәбиіңіз футболға немесе автомобиль жарысына қызығушылық танытуы да ықтимал. Ал егер гимнастикамен, мәнерлі сырғанаумен немесе күреспен айналысқысы келсе, оны спорт секциясына апаруға тырысыңыз.

12. Оның ақыл-ойын дамытыңыз. Сіздің ханшайымыңыз тек әдемі ғана емес, ақылды да болсын. Сондықтан түрлі тақырыптарда кітап, ертегілер, қызықты оқиғалар, тарихи шығармалар оқыңыздар. Театрға, кітапханаға барыңыздар, шетел тілін үйреніңіздер.

13. Жеке қарым-қатынасқа уақыт табыңыз. Екеуіңіз бірге қандай да бір іс-шараға: циркке, кинотеатрға, көңіл көтеру паркіне, балалар кафесіне баруға тырысыңыз. Шын мәнінде, қайда баратындарыңыз аса маңызды емес, ең бастысы, бос уақытыңызды қызыңызбен өткізсеңіз болғаны.

14. Оның қорғаушысы болыңыз. Қашан да көмекке келіңіз және проблемаларының ауырлығы және оның жас мөлшеріне қарамастан, қызыңызды қорғаңыз. Айналасында оны қашан да болса қорғайтын ер адамның бар екенін сезіндіріңіз.

15. Дәрігердің әрекеттеріне байыппен қараңыз. Көптеген әкелер уколды немесе стоматологтың аспаптарын көргендегі баланың айқайын жүрегіне тым жақын қабылдайды. Дәрігер оған сәл ауырсыну жүктесе де, Сіздің сәбиіңізге тек жақсылық тілейтінін ұмытпаңыз. Жалпы қызыңызға ақ халатты жандардың жұмысына сабырлықпен қарауды үйретіңіз, бұл оның ересек өмірінде қажет болады.

16. Зайыбыңызбен бірлесе тәрбиелеңіз. Ешқашан сәбиіңізге анасы тыйым салған затқа рұқсат етіп, «қосымша ұпай» жинауға тырыспаңыз. Анасының тыйымдарын өзгертпеңіз, отбасында және үйден тыс жерде де ортақ мінез-құлық ережелерін қалыптастырыңыз. Олай болмаған жағдайда, Сіз өз айтқанын айқаймен орындататын «айла-амал жасаушы қыз» тәрбиелеу қатеріне ұрынасыз.

17. Қызыңызды әйеліңізден қызғанбаңыз. Егер қызыңыз анасына көбірек жүгінсе, қамығудың қажеті жоқ, ол табиғи заңдылық. Алайда, ананың өз ерекше қызметтері бар, ал әкенікі – мүлде басқа. Сондықтан да әкемен қатынас анасынан гөрі өзгешерек болса да, олар да аса маңызды.

18. Қызыңыз үшін қатты уайымдап, қорықпаңыз. Кішкентай қызды қымбат шыныдан әзірленген нәзік бұйым деп қараудың қажеті жоқ. Көптеген қыздар самокатта, роликті конькиде жүйітку, батутта секіру, ағашқа өрмелеу жағынан ұлдарға есесін жібере қоймайды. Сіз қызыңыздың табиғи белсенділігін шектемей, тек мүмкін қауіптерден қорғасаңыз жеткілікті.

19. Өзге әкелерден үйреніңіз. Қазіргі әлеуметтік желілер – педагогикалық идеялар қоймасы болып табылады. Форумдарда басқа жас әкелермен араласыңыз, тәрбиелеу мәселелерімен бөлісіңіз, табысты әдістер және әдістемелермен бөлісіңіз.

Сонымен, әкенің қыз баланың өмірлік тәжірибесіндегі рөлі орасан зор. Қыз баланың өмірлік серігін таңдаудағы басшылыққа алатын ұстанымы әкенің мінез-құлқына байланысты. Жоғарыда айтылған әке тәрбиесінің ережелері болашақта қызыңыздың мықты отбасын құратын, сүйіспеншілігі мол әйел және ана тәрбиелеуге көмектеседі.

Балалардың әкелерге кеңестері.

  1. Үйде жиірек бол.

  2. Көбірек ақша ал.

  3. Әке, ішімдік ішпе!

  4. Соншалықты қатал болма.

  5. Әке, шылым шегуді таста!

  6. Көбірек/азырақ жұмыс істе.

  7. Төмен баға алғаным үшін маған ашуланба.

  8. Теледидарды, әлеуметтік желілерді азырақ қара.

  9. Анама барлық жағдайда да көмектес және оны сыйла.

  10. Өтінемін, маған сәл де болса көбірек назар аударшы!